Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан мүше болып табылатын қауіпсіздік туралы шарт негізінде құрылған халықаралық қауіпсіздік саласындағы халықаралық өңірлік ұйым ҰҚШҰ-ның негізгі мақсаты – бейбітшілік, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту, мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық негізде қорғау.
Қазақстан биыл жыл басынан осы ұйымға төрағалық етіп, ҰҚШҰ саяси ынтымақтастықты жан-жақты дамыту, әскери құрамды жетілдіру, халықаралық лаңкестік пен экстремизмге, есірткі, қару-жарақтар мен басқа да қатерлердің заңсыз айналымына қарсы тұру, Орталық Азия және Ауғанстан елдерінің аймақтық қауіпсіздігі, суға қатысты сұрақтар бойынша да мәселелер көтерді. Сонымен бірге Қазақстан әлемдегі ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде басқа ядролық арсеналға ие мемлекеттерді жаппай қырып жоятын қарудан бас тартуға шақырды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда АҚШ мемлекет басшысымен кездесуінде, Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеген болатын.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының Санкт-Петербургте өткен отырысында сөйлеген сөзінде Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Н.Ә.Назарбаевтың Минск саммитінде белгілеген Қазақстанның ҰҚШҰ-да төрағалық етуіндегі басымдықтарды атап өтті.
– Қазақстан биылғы жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалық етеді, оны ұлттық және ұжымдық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді жедел түрде қайтара алатын тиімді әскери-саяси ұйым ретінде қарастырады.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Минскіде өткен саммитте алдағы кезеңдегі Ұйым қызметінің бес басымдығын белгілеп бергенін еске сала кеткім келеді.
Біріншісі, мүше мемлекеттердің әскери саладағы құралдарын кеңейту;
Екіншісі, әскери-техникалық ынтымақтастықты іс жүзінде ұйымдастыру;
Үшіншісі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жаһандық терроризмге қарсы іс-қимылдың халықаралық жүйесіне қатысуы;
Төртіншісі, киберқауіпсіздік қатерлеріне Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің бірлескен әрекет ету әдістері;
Бесіншісі, есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыру.
Алғашқы екі басымдыққа қатысты қажетті жедел ден қою күштерінің құрылымы қазірдің өзінде құрылғанын, Ұйымның бітімгерлік әлеуеті айқындалғанын атап өткен дұрыс. Жыл сайынғы «Жауынгерлік бауырластық», «Өзара іс-қимыл», «Шеп» әскери жаттығулары өткізіліп отырады.
Сонымен қатар олардың үйлесімділігін қамтамасыз ету үшін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бірлескен штабының және Дағдарысқа қарсы әрекет ету орталығының жаңа құрылымының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет деп есептейміз.
Қорғаныс кәсіпорындарының кооперациясына, бір-бірімізден жеңіл бағамен сатып алынатын әскери техникалар мен қару-жарақтарға өңірлік сервистік және техникалық қызмет көрсету орталықтарын құруға, сондай-ақ олардың үйлесімділігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдаудың маңызы да ерекше. Біздің пікірімізше, бұл тұтастай алғанда барлық Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдерінің қорғаныс өнеркәсібін дамытуға ықпал ететін болады.
Ұйымның қызметіндегі келесі басымдық берілген бағытқа келсек, халықаралық терроризмге және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл кең ауқымды халықаралық тұғырнамада жүзеге асуы тиіс екеніне сеніміміз мол. Сондықтан да нақ осы мәселе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметіндегі басымдықтардың бірі болып табылады.
Осы басымдықтың аясында біздің мемлекетіміз өз қызметін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Біріккен Ұлттар Ұйымы контртеррористік құрылымдарымен өзара іс-қимыл жасауы форматын кеңейту мәселелеріне, сондай-ақ халықаралық салада терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай әдістерді әзірлеуге және ілгерілетуге шоғырландыруды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты Минск сессиясы барысында біздің еліміздің Президенті халықаралық аренада терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі бірыңғай тәсілдерді бірлесіп ілгерілетуді ұсынған болатын. Бұл арада ең алдымен, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер азаматтарының шетелдерге, террористік белсенділік өршіп тұрған жерлерге шығуына жол бермеуге бағытталған бірлескен профилактикалық іс-шаралар туралы, сондай-ақ қоғамдық санада радикалды саяси және діни көріністердің кез келген нысандарын қабылдамау түсінігін қалыптастыру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы туралы сөз болып отыр.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының келесі басымдығы – киберқауіпсіздік қатерлері туралы айтатын болсақ, соңғы кездері елдеріміздің ақпараттық жүйелерінің ұдайы кибершабуылдарға жиі ұшырап отырғанын атап көрсету керек, соның нәтижесінде елеулі түрде нұқсан келуде. Оның ішінде маңызды құпия деректердің жайылып кетуіне байланысты мәселелер де бар. Мұндай технологияларды бүлдіргіш (деструктивті) күштер де белсенді пайдаланып отыр.
Осы қауіп-қатердің трансұлттық болмысын және ауқымын ескере отырып, біздің еліміз Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттердің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдары объектілеріне бағытталған компьютерлік шабуылдарды бейтараптандыру жөніндегі шараларды пысықтау, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының келіссөз алаңын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы декларацияланбаған мүмкіндіктерді зерттеу әдістері бойынша тәжірибе алмасу үшін кеңінен пайдалану қажет деп есептейді.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының есірткілердің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі тиімді шараларды арттыруға бағытталған бесінші басымдық берілген қызметін өте маңызды деп санаймыз. ҰҚШҰ осы мәселені шешу жөнінде әлемдік қоғамдастықты күшейтуге елеулі үлес қосуда. Қазақстан БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы Алматы қаласында құрған Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) өкілдерін тарта отырып, ҰҚШҰ-ның 2015-2020 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясын іс жүзінде іске асыруға күш салуды ұсынады.
Белгіленген бағыттар бойынша ҰҚШҰ-дан басқа, оның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК халықаралық және өңірлік құрылымдарымен тығыз өзара іс-қимылсыз тиімді жұмыс жүргізу мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Юрий Хачатуров өз сөзінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстанның төрағалығы кезеңіне арналған басымдықтарды белгілеп, 2018 жылға арналған жоспарды бекіткенін атап өтті. «Бұл жоспар ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігін, тұрақтылығын нығайтуға және мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін ұжымдық негізде қорғауға мүмкіндік береді» , – деді Юрий Хачатуров.
Сондай-ақ аталған ұйымға Қазақстанның төрағалығы кезеңінде атқаратын басымдықтары мен жұмыс жоспары туралы Қ.Тоқаевтың баяндамасына Тәжікстан Маджлисі төрағасы Шукурджан Зухуров қолдау білдіріп, ұсыныстарын айтты. Ұсыныстар негізінен шекаралық аймақтарды террористік құрылымдардан қорғауға әскери компоненттің, техниканың қажеттілігі, әсіресе Ауғанстанмен шекараны есірткі тасымалынан, басқа да ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне қатар төндіретін сыртқы күштерден ұжымдық қорғануға қатысты болды.
Қазақстан Сенатының басшысы, сондай-ақ ТМД ПАА Кеңесінің отырысына да қатысты. Отырыс барысында Кеңес мүшелері – Ассамблея құрамына енетін делегациялардың басшылары Ассамблея мен оның Хатшылығының жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді қарады, ТМД ПАА-ның 2017 жылғы жұмысын қорытындылады және алдағы кезеңдегі жұмыс жоспарын талқылады.
Сенаторлар ТМД ПАА Экономика және қаржы, Саяси мәселелер және халықаралық ынтымақтастық, Қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиялардың отырыстарында үлгі заңдардың жобаларын талқылады.
Әділбек ҚАБА,
журналист